Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі: жаңа үйлер су басқан аумақтарда салынбайды

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Үкімет үйінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың қатысуымен брифинг өтті. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Үкіметтің су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бүлінген тұрмыстық заттарын өтеу бойынша қосымша көмек көрсету туралы шешімін түсіндірді. Өтемақы жергілікті әкімдіктер жанындағы тиісті комиссияның шешімі негізінде беріледі. Зардап шеккендердің мүлкі 150 АЕК-тен аспайтын мөлшерде өтеледі. Сондай-ақ Қанат Шарлапаев тасқыннан бүлінген үй орнына қандай жағдайда жаңа үй салынатынын, қанша объектінің құрылысы басталғанын және үйлерді қалпына келтіруге атсалысып жатқан құрылыс компанияларының қандай жағдайларда жұмыс істеп жатқаны жөнінде айтты. Министр алдағы уақытта апаттың алдын алу үшін су басқан аумақтарда жаңа үйлердің салынбайтынын атап өтті.

ТЖ бойынша вице-министр Бауыржан Сыздықов еліміздің батысындағы су тасқыны жағдайы туралы баяндады. Өңірде үлкен судың екінші толқынына қызу дайындық жүріп жатыр. Сондай-ақ ол апат салдарын жою шаралары, тартылған күштер мен құралдар туралы сұрақтарға жауап берді.

«Отбасы банкі» тасқыннан зардап шеккен өңірлер тұрғындарынан жаңа «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастыруы мүмкін. Бұл туралы брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов тілшілердің сұрақтарына жауап беру барысында мәлімдеді. Әзірге өтінімдерді қабылдау 1 мамырдан 1 шілдеге дейін жүреді. 1 шілдеден 31 тамызға дейін тізімге алынғандар төлем қабілеттілігін растауы қажет. Баспана таңдауға 15 желтоқсанға дейін уақыт беріледі. Бағдарламаны іске асыруға 300 млрд теңге бөлінеді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу